Қазақстанның 14 облысында дауылды ескерту жарияланды
Еліміздің басым бөлігінде қар жауады
«Қазгидромет» синоптиктері 2 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады. Еліміздің басым бөлігінде қар жауып, көктайғақ пен қатты жел болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ірі мегаполистердегі ауа райы халыққа қолайсыздық тудыруы мүмкін: Астанада таңертең және күндіз қар жауып, боран соғады. Желдің екпіні 20 м/с дейін жетеді.
Алматыда тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал.
Шымкентте түнде қар аралас жауын-шашын, ал күндіз жаңбыр жауады.
Синоптиктердің мәліметінше, 14 облыста ауа райы күрт өзгереді. Әсіресе, таулы аймақтар мен солтүстік өңірлерде сақ болу қажет.
Түркістан және Жамбыл облыстарында қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Жетісу облысында, атап айтқанда Алакөл маңында, желдің жылдамдығы 28 м/с дейін күшеюі мүмкін.
Абай облысының Жарма ауданында да екпінді жел соғады.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында қалың қар жауып, боран соғады. Көрініс деңгейі төмендеп, жолдарда кептеліс болуы мүмкін.
Қарағанды және Ұлытау маңында да тұман болуы ықтимал.
Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тұман түседі. Ақтау қаласында жүргізушілерге жолдың тайғақ болуына байланысты сақ болу ескертілді. Ақтөбе облысында аздаған жауын-шашын мен көктайғақ болады.