Партия өкілдері еңбек құқықтары мен отбасы құндылықтарын қорғаудың механизмін түсіндірді
Мемлекет бала мүддесін бірінші орынға қоюға міндеттеледі
Партияаралық дебат барысында Мәжіліс депутаттар мен Жалпыұлттық коалицияның мүшелері Ата Заң жобасының негізгі әлеуметтік, отбасы және құқықтық бағыттарына кеңірек тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев жаңа Конституцияда отбасы мен неке ұғымдарының нақты айқындалғанын жеткізді.
«Жаңа Конституцияда неке, отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында екені нақты көрсетілген. Бұл – отбасы тек әлеуметтік ұғым емес, мемлекеттің қорғауындағы маңызды институт екенін білдіреді»,- деді ол.
Оның айтуынша, отбасына қатысты кез келген заң мен шешім ең алдымен отбасы мүддесін ескере отырып қабылданады. Бала құқықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа жол бермеу нормалары нақтыланды. Мемлекет бала мүддесін бірінші орынға қоюға міндеттеледі.
Жалпыұлттық коалицияның мүшесі Асылбек Нұралин жаңа Конституция жобасынан «жыл сайынғы еңбек демалысы» терминінің неліктен алынып тасталғанын түсіндіріп өтті.
«Демалысқа құқық толық сақталады, алайда нақты жағдайлар — ұзақтығы мен төлем тәртібі — Конституцияда емес, Еңбек кодексінде белгіленген. Мұндай тәсіл реттеудің икемділігін сақтауға және қызметкерлердің демалыс алу құқығын екі деңгейде — конституциялық және заңнамалық деңгейде — қорғауға мүмкіндік береді»,- деді ол.
Асылбек Нұралин жаңа Конституция еңбектің ең жоғары әлеуметтік құндылық ретіндегі маңызын күшейтетінін және адамның еңбек әрекетін қорғау мемлекет үшін негізгі міндет болып қала беретінін атап өтті. Арнайы еңбек құқығы мен лайықты демалыс толық кепілдендірілген.
«Байтақ» партиясының хатшысы Тәңірберген Бердоңғаров Миранда ережесін енгізудің құқықтық және практикалық мәнін түсіндірді. Ол әрбір азаматқа тұтқындалған жағдайда үнсіз қалу және адвокат көмегіне жүгіну құқығын кепілдейтінін, мәлімет беруге қысым көрсету мен мәжбүрлеуден қорғайтынын, құқық қорғау органдарының жауапкершілігін арттыратынын және мемлекетке деген сенімді нығайтынын атап өтті.
Мәжіліс депутаты Дания Еспаева жаңа конституциялық нормаға сәйкес мемлекет кәсіпкердің бизнесі мен меншігін қорғауға міндетті екенін атады.
«Кәсіпорын, өнім немесе инвестиция заңмен толық қорғалады. Сондай-ақ егер салық органы шотты негізсіз бұғаттаса, кәсіпкер сот арқылы шешімді жойдырып қана қоймай, шығынды мемлекеттен өтете алады»,- деді ол.
Депутаттың сөзінше, бұл өзгерістерден «қорғаныс, сенім және әділдік» атты үш басты құндылықты көруге болады.