$ 502.6  589.95  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Енесін пышақтап өлтірген келін сот шешімімен психиатриялық емдеуге жіберілді

Сот 39 жастағы әйелді есі дұрыс емес деп танып, қылмыстық жауаптылықтан босатты

Енесін пышақтап өлтірген келін сот шешімімен психиатриялық емдеуге жіберілді
Фото: istockphoto.com

Атырау облысында 83 жастағы қайын енесін өлтірген 39 жастағы әйелге қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы мамырда Жасқайрат ауылында болған. Іс материалдарына сәйкес, төсек тартып жатқан анасын күту үшін ер адам оны өз үйіне алып келген. Алайда бұл шешімге оның жұбайы қарсы болып, отбасында тұрақты жанжал туындаған.

Арада екі аптадан сәл астам уақыт өткен соң, күйеуі үйде болмаған сәтті пайдаланған әйел дәрменсіз қарияға ас үй пышағымен шамамен 5 рет соққы жасаған. Ауыр жараланған зейнеткер аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Кешенді сот-психиатриялық сараптама нәтижесінде айыпталушының созылмалы психикалық ауру – параноидты шизофрениямен ауыратыны анықталған. Денсаулық жағдайына байланысты ол сот отырыстарына қатыспаған.

Сот әрекеттің жасалғаны куәгерлердің айғақтарымен, оқиға орнын тексеру хаттамасымен, бейнежазбалармен және сараптама қорытындыларымен дәлелденгенін атап өтті. Прокурор қарқынды бақыланатын мамандандырылған типтегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуді сұраған. Жәбірленуші тарап бұл талапты қолдаған.

Сот ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген іс-әрекет есі дұрыс емес жағдайда жасалды деген қорытындыға келіп, ҚК-нің 16-бабына сәйкес әйелді қылмыстық жауаптылықтан босатты. Қаулыға сәйкес, оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы ретінде қарқынды бақыланатын мамандандырылған психиатриялық ауруханада емдеу тағайындалды.