$ 501.75  591.96  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбе облысында тасқын суды қабылдауға арналған бос орын дайындалып жатыр

Су қоймаларында кешенді тексерулер жүргізілді

Ақтөбе облысында тасқын суды қабылдауға арналған бос орын дайындалып жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Ақтөбе облысындағы «Қазсушар» РМК филиалы Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларын көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындау бойынша бірқатар іс-шара жүргізді. Қазіргі таңда өңірдегі үш ірі су қоймасында тасқын суды қабылдау және қауіпсіз өткізу үшін жеткілікті бос сыйымдылық қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атап айтқанда, Ақтөбе су қоймасында 58% немесе 141 млн текше метр, Қарғалы су қоймасында 68% немесе 192 млн текше метр, ал Сазды су қоймасында 61%, яғни 4,5 млн текше метрден астам бос сыйымдылық бар.

Осыған дейін осы үш нысанда да көпфакторлы кешенді тексерулер жүргізілген болатын. Олардың қорытындысы бойынша қауіпсіздік декларациялары әзірленді. Сонымен қатар пайдалануға берілген сәттен бері алғаш рет Ақтөбе және Сазды су қоймаларында кешенді реконструкциялау жүргізілді.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық үш су қоймасында Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің орталық басқару пультімен біріктірілген жергілікті хабарлау жүйелері жұмыс істейді. Бұған қоса, осы жүйелердің бағдарламалық қамтамасыз етуі жаңартылып, қосымша радиостанциялар сатып алынды.

«Филиалымыз тасқын қаупінің алдын алуға және оның салдарын азайтуға бағытталған кешенді алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Стратегиялық маңызы бар нысандарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, режимдік және күзет шаралары қамтамасыз етілген. Барлық су шаруашылығы нысанында инертті материалдар дайындалған, сондай-ақ жанар-жағармай қоры бар резервтік дизель генераторлар қарастырылған. Қазіргі уақытта барлық су қоймасы штаттық режимде жұмыс істеп тұр, су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда», – деді «Қазсушардың» Ақтөбе облысындағы филиал директоры Ринат Шауенов.