Щучинскіде жарақат алған 5 адам Көкшетау ауруханасына ауыстырылды
Кафедегі газ-ауа қоспасының жарылысы 7 адамның өмірін қиып, бірнеше адам ауыр халде ауруханаға түсті
Щучинск қаласындағы кафеде болған газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан зардап шеккен 5 адам Көкшетауға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнында жарақат алған азаматтар ТЖД мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының санитарлық авиациясы арқылы облыс орталығына тасымалданған. Қазіргі уақытта тағы 2 науқасты жеткізу жоспарланып отыр.
Барлық зардап шеккендер облыстық ауруханаға жатқызылып, қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Еске салайық, Щучинскідегі жарылыс салдарынан 7 адам қаза тапты. Оқиғаның себептері анықталуда.