«Қорғансыздар» телехикаясының 2-маусымы эфирге шығады
26 ақпаннан бастап жаңа бөлімдер күн сайын 21.00-де көрсетіледі
26 ақпаннан бастап «ASTANA TV» телеарнасында «Қорғансыздар» телехикаясының 2-маусымы көрерменге жол тартады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Танымал түрік драмасының жалғасында оқиға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тағдыры төңірегінде өрбиді. Алдыңғы маусымда уақытша тыныштық тапқан басты кейіпкерлер бұл жолы жаңа сынақтарға тап болады. Өткеннің құпиялары ашылып, ескі жаулар қайта оралады.
Зелиха, Джемо, Фидан, Самет, Балым мен Азизе түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келеді. Оларды өз мүддесіне пайдаланғысы келетін адамдар арасындағы тартыс күшейеді. Отбасылық құпиялар жария болып, кейіпкерлердің өткенге деген көзқарасы өзгереді. Жаңа кейіпкерлердің қосылуы оқиғаларды одан әрі шиеленістіре түседі.
Соңғы оқиғалардан кейін Джевдет пен Джемоның тағдыры не болатыны, Девран мен Азизенің қарым-қатынасы қалай өрбитіні көрермен үшін басты интригаға айналады. Кішкентай бауырлардың болашағы да қыл үстінде.
Мейірімге зәру балалардың жан айқайын арқау еткен телехикая 2-маусымда да драмалық желіні сақтай отырып, көрерменге жаңа эмоциялық серпін ұсынады. «Қорғансыздар» телехикаясы күн сайын 21.00-де «ASTANA TV» телеарнасынан көрсетіледі.