40 градус аяз: шығыс пен орталықта үскірік күшейеді
27 ақпанда екі өңірде -40°С-қа дейін суық күтіледі, елдің бір бөлігінде боран мен екпінді жел болжанды
27 ақпан, жұма күні Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт суытады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, түнгі уақытта Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында ауа температурасы -40°С-қа дейін төмендейді. Қарағанды облысының шығысында -35°С-қа дейін аяз күтіледі.
Жалпы республика аумағының басым бөлігінде антициклон сілемі ықпал етеді. Соның әсерінен жауын-шашынсыз, ашық әрі суық ауа райы сақталады.
Ал оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ орталық және шығыс аймақтарда атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады. Жауын-шашын түсіп, оңтүстікте кей тұста нөсерлі жауын-шашын күтіледі. Көктайғақ пен боран болуы мүмкін.
Сонымен қатар ел аумағында тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Оңтүстік, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде жел екпіні кей уақытта 25-28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын күшейтуді ескертеді.