Петропавлда ер адам сүйіктісінен пультпен соққы алып, 10 күннен кейін көз жұмды
Теледидар пультімен соққы алған азаматтың өліміне байланысты 58 жастағы әйел қамауға алынды
Петропавлда бірге тұрған әйелінің қолынан ауыр жарақат алған 52 жастағы ер адам ауруханада 10 күннен кейін қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Qazaqstan Media мәліметінше, қайғылы оқиға 7 ақпанда болған. Алдын ала деректерге сәйкес, ішімдік ішкен ерлі-зайыпты арасында жанжал туындаған. Жанжал барысында ер адам әйелді жүрек тұсынан ұрған. Бұған жауап ретінде 58 жастағы әйел қолына тиген теледидардың қашықтан басқару құралымен ер адамның басынан бірнеше рет соққы жасаған.
Оқиға кезінде олардың 35 жастағы танысы да сол жерде болған. Дереккөздердің хабарлауынша, жанжалдан кейін олар ішімдік ішуді жалғастырған. Тек келесі күні ғана жәбірленушінің жағдайы күрт нашарлап, медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер 10 күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, 52 жастағы Петропавл тұрғынының өліміне әкелген денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікке ілінген 58 жастағы әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.