$ 501.26  590.38  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Коммуналдық тарифке қатысты шешім наурыздан кейін қабылданады

Энергетика вице-министрі мораторий аяқталған соң баға өсімі қандай жағдайға байланысты болатынын түсіндірді

Коммуналдық тарифке қатысты шешім наурыздан кейін қабылданады
Фото: pixabay.com

Барлық тұтынушы тобы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге енгізілген уақытша шектеу 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін күшінде қалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың мәліметінше, мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін тарифтердің өзгеру-өзгермеуі бірқатар экономикалық факторға тәуелді болады. Қазіргі уақытта тиісті есептеулер мен талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Оның айтуынша, халыққа арналған коммуналдық қызметтердің түпкілікті тарифін Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекітеді. Ал электр энергиясын өндіруші станциялардың тарифін Энергетика министрлігі айқындайды.

Бағаға әсер ететін негізгі факторлар көмір, газ және теміржол тасымалы құны. Егер осы ресурстардың бағасы тұрақты сақталса және жанама шығындар бақылауда ұсталса, тарифті көтермеу мүмкіндігі қарастырылады. Ал аталған шығындар өссе, бұл қызметтің өзіндік құнына тікелей ықпал етіп, тарифке түзету енгізу қажеттілігі туындауы ықтимал.

Еске салайық, 16 қазанда Премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының экономикалық реформаларды жүйелеу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралған болатын. Сол жиында барлық тұтынушы тобы үшін коммуналдық тарифтерді көтеруге 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін мораторий жариялау туралы шешім қабылданған еді.

Қазір Үкімет тариф саясатына қатысты түпкілікті шешімді нарықтағы ахуал мен шығын құрылымына қарай қабылдайтынын мәлімдеп отыр.