Алматыда депутаттар студенттерге Конституция жобасының мазмұнын түсіндірді
Жиын барысында ғылымды дамыту мәселелері көтерілді
Алматы қаласында Парламент Сенатының депутаттары Сұлтанбек Мәкежанов, Нұрия Ниязова, Жанна Асанова, Марат Қожаев және қалалық мәслихат депутаты Елена Тё Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy referendum2026.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Іс-шараның басты мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіру, конституциялық реформалардың мән-маңызын ашу және оларды қолдау мәселелерін талқылау. Депутаттар реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Жиын барысында аграрлық ғылымды дамыту, агроөнеркәсіп кешеніне инновациялық технологияларды енгізу, ғылыми нәтижелерді өндіріске тиімді трансферттеу және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мәселелері көтерілді. Бұл бастамалардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететіні және конституциялық өзгерістермен сабақтас екені айтылды.
Аграрлық білім мен ғылымды жаңғырту ауыл аймақтардың тұрақты дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық негізі екені атап өтілді. Ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге ерекше назар аударылды.
«Конституциялық реформа – еліміздің тұрақты дамуының берік негізі. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін нығайтады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы біз экономикалық өсімді де, ұлттық қауіпсіздікті де күшейтеміз, сондықтан ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс нақты нәтижеге бағытталуы тиіс», – деді сенат депутаты Жанна Асанов.
Жиын қорытындысында сенаторлар жаңа Конституция жобасын қолдау – елдің тұрақты дамуы мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтудың маңызды қадамы екенін атап өтті.


