$ 496.85  585.54  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Грантпен оқыған түлек оқу ақысын мемлекетке қайтаратын болды

3 жылдық еңбек өтеу шарты сақталмаған

Грантпен оқыған түлек оқу ақысын мемлекетке қайтаратын болды
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында мемлекеттік грантпен білім алған түлек оқу шығындарын бюджетке қайтаруға міндеттелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс Талас аудандық сотында қаралды. Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Астана қаласының білім басқармасы грант негізінде оқыған азаматтың еңбек өтеу міндеттемесін орындамағанын алға тартып, сотқа талап арыз берген.

Іс материалдарына сәйкес, 2018 жылы білім басқармасы, университет және жауапкер арасында жергілікті бюджет есебінен білім беру қызметін көрсету туралы үшжақты шарт жасалған. Шарт талаптарына сай, грант иегері оқуын аяқтаған соң уәкілетті органның жолдамасымен кемінде 3 жыл жұмыс істеуге тиіс болған. Бұл талап орындалмаған жағдайда оқу шығындарын өтеу міндеті қарастырылған.

Жауапкер 2021-2025 жылдар аралығында «География» мамандығы бойынша білім алып, диплом алған. Алайда жолдама бойынша жұмысқа орналасу міндеттемесін орындамаған.

Оқу орнының дерегіне сәйкес, студентті оқытуға жалпы 4,6 млн теңге жұмсалған. Оның 1,7 млн теңгесі – оқу ақысы, 2,8 млн теңгесі – стипендия. Талап қоюшы орган стипендияны есепке алмай, тек оқу құнын өндіріп беруді сұраған.

Сот отырысында жауапкер берешекті мойындап, оны кезең-кезеңімен өтеуге мүмкіндік беруді өтінген. Сот шешімімен одан білім басқармасының пайдасына 1,7 млн теңге және мемлекет кірісіне мемлекеттік баж өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.