Күйеуін өлтірді деп айыпталған әйелге сот рақымшылық жасады
7 ай қамауда отырған 37 жастағы айыпталушы сот залынан босап шықты
Ақтөбеде күйеуін өлтірді деп айыпталған 37 жастағы әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтөбе қалалық сотында қаралған қылмыстық іс бастапқыда Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша тіркелген. Алайда сот талқылауы барысында іс «Аффект жағдайында жасалған адам өлтіру» санатына қайта сараланып, айып 101-баптың 1-бөлігіне өзгертілді.
Сот шешімімен Ксения Седова аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Дегенмен «Рақымшылық туралы» Заңға сәйкес ол жазадан босатылып, сот залынан еркіндікке шықты. Судья Сейтжапаровтың мәліметінше, айыпталушыны күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасы өзгертілген.
Қайғылы оқиға өткен жылдың көктемінде болған. Тергеу деректеріне сәйкес, отбасылық жанжал кезінде әйел күйеуіне пышақ жарақатын салған. Кеуде тұсына тиген соққы жүрекке зақым келтіріп, ер адам оқиға орнында көз жұмған. Сараптама қорытындысы бойынша марқұмның қанынан алкоголь анықталған.
Іс аясында 3 рет сот сараптамасы жүргізіліп, күдіктінің әрекеті аффект жағдайында жасалған деген қорытындыға келінген. Соның негізінде айыптың құқықтық саралануы өзгертілді.
Жәбірленуші тараптың 20 млн теңге көлеміндегі азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімімен сотталушы 5 млн теңге моральдық шығын, 378 500 теңге материалдық шығын өтеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, заңды өкілге жұмсалған 754 325 теңге өндірілетін болды.
Айыпталушы сотта ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеген. Оның айтуынша, марқұм күйеуі ішімдікке тәуелді болып, жиі күш қолданған. Әйел 2 жыл некеде тұрған, бірінші некеден 12 жастағы қызы бар. Тергеу кезеңінде ол 7 ай тергеу изоляторында қамауда болған.
Осылайша, қоғамда резонанс тудырған іс бойынша сот айыптың дәрежесін өзгертіп, рақымшылық нормасын қолдану туралы шешім қабылдады.