Алматыда жер сілкінісін автоматты ескерту жүйесіне 583 млн теңге бөлінеді
Жер сілкінісі 5 балдан асса, хабарлама автоматты түрде келеді
Алматыда 2026 жылы жер сілкінісін жедел хабарлау жүйесін енгізуге 583 млн теңге жұмсау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған мәліметке сәйкес, жоба Cell Broadcast технологиясы негізінде төтенше жағдайлар кезінде жаппай мобильді ескерту жүйесін іске қосуды көздейді. Яғни жер асты дүмпуі тіркелген сәтте қала тұрғындарының ұялы телефондарына автоматты түрде арнайы хабарлама жіберіледі.
Техникалық талап бойынша жүйе тәулік бойы, аптасына 7 күн үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Қызметтің қолжетімсіз болуына рұқсат етілетін уақыт жылына 1 сағат 20 минуттан аспауы қажет. Бұл жүйенің тұрақтылығы мен сенімділігіне қойылатын талаптың жоғары екенін көрсетеді.
Жоба шарттарына сәйкес, жер сілкінісінің күші 5 балдан асқан жағдайда хабар тарату автоматты түрде іске қосылады. Хабарландыру «Президенттік» немесе «Ұлттық ескерту» форматында жіберіледі. Мәтіні Алматы тұрғындары соңғы дүмпулер кезінде алған ескертулермен бірдей болады. Жүйеге қол жеткізу құқығы Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдікке беріледі.
Айта кетейік, 2025 жылы осыған ұқсас жобаны жүзеге асыруға 474,8 млн теңге бөлінген. Енді 2026 жылы қаржыландыру көлемі 583 млн теңгеге дейін ұлғайып отыр.