«AMANAT» қабылдауында әлеуметтік, тұрғын үй және бизнес мәселелері көтерілді
Қоғамдық қабылдауда тұрғындар шетелде емделуге көмек, бизнеске IT енгізу, тұрғын үй несиесі және әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау алаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаевтың қабылдауы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қабылдауға еліміздің әртүрлі өңірлерінің 8 тұрғыны қатысып, оларды қызықтырған мәселелерді көтерді. Мәселелердің тақырыбы әртүрлі болды: әлеуметтік мәселелерден бастап заңнаманы өзгерту бойынша ұсыныстарға дейін.
Елордалық жеке кәсіпкерлер бизнесті басқаруға жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мәселесі бойынша жүгінді.
«Біз мобильді қосымшаны енгізуді ұсынамыз, оның көмегімен дүкенге белгілі бір өнімге тапсырыс беруге болады. Бұл шот-фактураларды бақылауды және мониторингті жеңілдетеді. Осылайша, жұмысты жеңілдететін және айқындық беретін бірыңғай база құруға болады», — деп атап өтті ол.
Астана тұрғыны лейкемиямен ауыратын және Түркияда емделіп жатқан қызының мәселесі бойынша сұрақ қойды. Ол қызының науқасына қарамастан, еріктілікпен айналысатынын және осы ауруға тап болған кішкентай балаларға көмектесетінін айтты. Осылайша, қабылдау барысында қызына шетелде емделуге көмек сұрады.
Сондай-ақ аралас жекпе-жек бойынша жаттықтырушы жаңа ғимаратты қаржыландыруға жәрдем көрсету туралы өтініш жасады. Елордалық азамат бірнеше жылдан бері қыздарды тегін жаттықтырып келе жатқанын айтты. Жаттығулардан бөлек, қатысушы қыз-келіншектер тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген жандарға қолдау көрсету мақсатында 350-ден астам мүшесі бар бірлестік құрды. Қатысушылар санының көптігіне байланысты жаттықтырушы кеңірек ғимарат алуға көмек сұрады.
«Халық әрбір инстанцияға барып, нәтижесін көрмеген соң, «AMANAT» партиясына сеніп, қоғамдық қабылдау бөлмесіне келді. Қабылдау барысында әртүрлі мәселелер көтерілді. Мысалы, ем алу үшін көмек, жер мәселесі, жаңа жобаларды іске асыру және тағы басқа сұрақтар да. Негізі осы мәселелермен жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар айналысу керек. Әрине, сұрақтар дәл қазір шешілмейді, бірақ ең бастысы адамдарға дұрыс түсіндіріп беру керек, шешу жолдарын айту керек. Халық бәрін түсінеді, адамдармен ашық сөйлесу керек. Қазіргі халқымыздың сауаттылығы жоғары деңгейде. Өздеріңіз білесіздер, «AMANAT» партиясы әрдайым бірінші орынға адамды және адамның құқығын қояды. Осындай қабылдаулар міндетті түрде керек», — деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар қабылдауда ауылдық жерлерде тұрғын үйлер салуға жеңілдікпен кредит беру мәселелері, сондай-ақ Шымкент қаласындағы балабақшаларға қатысты шағымдар, республикалық бюджетті бөлу және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың әлеуметтік мәселелері көтерілді.