$ 497.33  586.7  6.48
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Құмар ойынның құрбаны болған подполковник сотта жеңіліп, қызметіне орала алмады

Ақтөбеде бәс тігуге әуес әскери қызметші қызметіне қайта оралу үшін сотқа жүгінген

Құмар ойынның құрбаны болған подполковник сотта жеңіліп, қызметіне орала алмады
Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде құмар ойынға салынған әскери қызметші жұмысынан айырылып, сот арқылы қызметіне қайта тұруға тырысқанымен, талабын қанағаттандырусыз қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының аға офицері 2020–2024 жылдар аралығында құмар ойындарға қатысқан. Бұл дерек қызметтік тексеру барысында анықталған. Тексеру комиссиясы 2024 жылдың қыркүйегінде оны жұмыстан шығару жөнінде ұсыныс берген.

Алайда дәл сол күні әскери қызметші бала күтіміне байланысты демалыс алу туралы өтініш жазған. Өтініш қабылданып, тиісті шешім шығарылғанымен, көп ұзамай бұйрықтың күші жойылған. Демалысқа рұқсат берген жауапты тұлғалар тәртіптік жазаға тартылған. Нәтижесінде подполковник 2025 жылдың қыркүйегінде қызметінен босатылған.

Ол бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Өз уәжінде бәс тіккен өзі емес, жұбайы екенін алға тартқан. Ал жауапкер «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5515 әскери бөлімі шағымды қанағаттандырмауды сұрап, 2025 жылы да спорттық ойындарға бәс тігілгенін, шығын көлемі жалақысынан асып түскенін көрсеткен.

Сот барысында әскери қызметшінің 2024 жылдың сәуір айында eGov порталы арқылы құмар ойындарға шектеу қойғаны анықталды. Бұл шектеу 1 жылға белгіленген. Алайда 2025 жылдың сәуір–маусым айлары аралығында шектеу мерзімі аяқталғаннан кейін қайта өтініш берілмеген.

Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасы осы кезеңге қатысты букмекерлік кеңсеге сұрау жолдаған. Нәтижесінде 2 апта ішінде 1 млн теңгеден астам қаражат ұттырылғаны белгілі болды. Сотта жұбайы волейбол мен баскетбол матчтарына бәс тіккенін айтқанымен, бұл дерек нақты дәлелденбеген. Сонымен қатар, бәс тігілген телефон нөмірі әскери қызметшінің өз атына тіркелгені анықталған. Ол бірнеше рет қаржы ұйымдарынан қарыз алып, қаражатты ойынға жұмсаған.

Ақтөбе гарнизонының әскери соты талап-арызды қанағаттандырмай, жұмыстан шығару туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды.