Бүгін 14 өңірде қар, бұрқасын, тұман мен екпінді жел күтіледі
Елдің басым бөлігінде ауа райы күрт құбылып, кей аймақтарда жел екпіні 28 м/с-қа дейін жетеді
24 ақпанда Қазақстанның 14 өңірінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің болжамынша, бірқатар облыстарда қар, бұрқасын, көктайғақ, тұман және екпінді жел күтіледі. Кей өңірлерде ауа температурасы күрт төмендейді.
Жетісу облысының шығысы мен таулы аудандарында түнде тұман түседі. Солтүстік-шығыстан соққан жел облыстың шығысында 15-20 м/с, кей уақытта 23-28 м/с-қа дейін күшейеді.
Түркістан облысының оңтүстігінде, орталығында және таулы аймақтарында түнде және күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ болады. Батысы, солтүстігі және таулы аудандарында тұман күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с. Шымкентте таңертең және күндіз жаңбыр жауып, кей уақытта тұман түседі. Түркістан қаласында түнде және таңертең тұман болып, күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде тұман күтіледі.
Ұлытау облысында солтүстік-шығыстан және шығыстан жел соғады. Күндіз облыстың солтүстігі мен оңтүстігінде желдің жылдамдығы 15-18 м/с болады.
Қарағанды облысының шығысында түнде аздап қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді. Батысы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман түседі. Түнде шығысында желдің екпіні 15 м/с.
Абай облысының солтүстігі, шығысы және орталығында түнде және таңертең қар жауып, бұрқасын соғады. Оңтүстігінде тұман күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 25 м/с-қа дейін күшейеді. Семейде 24 ақпанда түнде ауа температурасы 24-26 градус аязға дейін төмендеп, түннің бірінші жартысында қар мен бұрқасын болжанады. Желдің екпіні 15-20 м/с.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде түнде, ал күндіз солтүстігі мен шығысында қар жауып, бұрқасын жүреді. Оңтүстігінде тұман түседі. Жел 15-20 м/с, кей жерлерде 25 м/с-қа дейін жетеді. Өскеменде түнде ауа температурасы 21-23 градус аяз болады, қар мен бұрқасын күтіледі.
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жаяу бұрқасын соғады. Түнде және таңертең облыстың оңтүстігі мен шығысында тұман түседі. Желдің екпіні 15-20 м/с.
Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі және оңтүстігінде тұман күтіледі. Оралда түнде және таңертең тұман болады.
Қызылорда облысында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.
Қостанай облысының батысы, солтүстігі және шығысында тұман болжанады. Қостанай қаласында да тұман күтіледі.
Жамбыл облысының оңтүстік-батысы, шығысы және таулы аудандарында көктайғақ пен тұман болады. Желдің екпіні 15-20 м/с, кей жерде 23 м/с.
Маңғыстау облысының батысы, солтүстік-шығысы және орталығында тұман мен көктайғақ күтіледі. Ақтауда түнде және таңертең жолдар тайғақ болуы мүмкін.
Алматы облысының таулы аудандарында күндіз кей уақытта қатты қар жауады. Оңтүстігі мен таулы өңірлерінде тұман мен көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні 18-23 м/с. Алматыда және Қонаевта кей уақытта тұман түсіп, жел 18-23 м/с-қа дейін күшейеді.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақ болуға шақырады.