Бурабайда квадроциклмен талға соққан бойжеткен жан тапсырды
14 ақпанда болған жол апатынан зардап шеккен қыз 23 ақпанда көз жұмды
Бурабай кентінде квадроциклмен ағашқа соғылған бойжеткен қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қайғылы оқиға 14 ақпанда болған. Жол-көлік оқиғасынан кейін қыз жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оны өте ауыр жағдайда қабылдаған. Науқас терең комада болып, сыртқы тітіркендіргіштерге жауап бермеген.
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 23 ақпан күні таңертең бойжеткеннің көз жұмғанын растады. Апат салдарынан ол көптеген ауыр жарақат алған.
Еске сала кетейік, бұған дейін дәрігерлер Бурабайда квадроциклмен ағашқа соғылған қыздың жағдайы аса ауыр екенін хабарлаған еді. Оқиғаның мән-жайы құзырлы органдар тарапынан анықталып жатыр.