$ 494.66  581.87  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодарда 100 жасқа толған әжей жаңа куәлік алды

Ертіс ауданында тұратын Евдокия Безруковаға құжат көшпелі тәртіппен рәсімделді

Павлодарда 100 жасқа толған әжей жаңа куәлік алды
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында 100 жасқа толған қарияның жеке куәлігі жаңартылып, құжат иесіне арнайы үйіне апарып табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ертіс ауылында тұратын Евдокия Алексеевна Безрукова ғасырлық жасқа толып отыр. Жасына байланысты Халыққа қызмет көрсету орталығына өз бетінше баруы қиын болғандықтан, көші-қон полициясы құжаттарды рәсімдеуді көшпелі форматта ұйымдастырған.

Павлодар облысы көші-қон полициясының мәліметінше, тәртіп сақшылары дайын болған жеке куәлікті қарияның шаңырағына арнайы барып табыстаған.

«Полиция қызметкерлері дайын құжатты жеке тапсыру үшін Евдокия Безрукованың үйіне арнайы барды. Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметтер көрсету және қарт азаматтарды қолдау жұмыстары аясында жүргізіледі. Аға буын өкілдеріне қамқорлық жасау – қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі», - дейді Павлодар облысы көші-қон полициясының аға инспекторы Бақыт Ермекпаева.

Құжат табыстау сәтінде полицейлер мерейтой иесін 100 жасымен құттықтап, зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тіледі.