Өңірлердің өмір сүру деңгейі өте маңызды – сарапшы
Бүгін «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті
Бүгін «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті. Онда ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова өңірлердің өмір сүру деңгейінің маңызына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі таңда біздің өңірлеріміздің саны жиырмаға жетті. Соңғы 3-4 жылдағы әкімшілік реформа нәтижесінде жаңадан қалыптасқан өңірлеріміз бар. Сонымен қатар жаңадан инновациялық жаңа смарт қаланы құрылысы басталуда. Сондықтан біздің әлеуетіміз осы жағынан да өсіп келе жатыр. Осыны ескере отырып, өңірлердің дауысы қаттырақ және айқын шығады деп ойлаймын», – деді ол.
Оның сөзінше, өңірлердің өмір сүру деңгейі өте маңызды.
«Өйткені - ол біздің жалпы халқымыздың көпшілік бөлігі өмір сүріп жатқан нақты локалды аймақтар. Қазіргі таңда локалды және глобалды форматта өмір сүріп келе жатырмыз», – деді сарапшы.
Айта кетсек, дәл осы жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституцияның тек ең жоғары заң ғана емес, сонымен бірге өзіндік қоғамдық келісім екенін атап өтті.
Сонымен қатар ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Конституциялық комиссия мүшесі Айдос Сарым заңның сапалы болуы неліктен өте маңызды екеніне тоқталды.
Ал ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Құрылтай мен Халық кеңесі институты не үшін енгізіліп отырғанын айтты.