Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ медальдарымен марапатталды
Марапат 139 әскери қызметкерге табысталды
Голан жоталарындағы «Фауар» базасында салтанатты шара өтті. БҰҰ миссиясының қолбасшысы, генерал-майор Анита Асма Қазақстан контингентінің 139 әскери қызметкеріне халықаралық бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесі үшін БҰҰ медальдарын табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның ажыратуды қадағалау күштері құрамында қызмет етіп жүр. Олардың басты міндеті – Сирия мен Израиль арасындағы атысты тоқтату режимін бақылау және аймақтағы тұрақтылықты сақтау.
Бітімгерлер мынадай маңызды тапсырмаларды орындайды:
- Ұйым базаларын күзету және нығайту;
- Жергілікті халықпен өзара қарым-қатынас орнату;
- Аталған аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
1200-ден астам жарылғыш зат жойылды
Қазақстан контингентінің жұмыс нәтижесі жоғары кәсібилікті көрсетті. 2025 жылдың сәуір айынан бастап әскери қызметшілер 55 күрделі тапсырманы орындап, 1200-ден астам жарылғыш затты және 50-ден астам қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны залалсыздандырды.
Жалпы, миссия басталғаннан бері контингенттің екінші құрамы 675 тапсырманы сәтті аяқтаған.
«Жеке құрам жоғары кәсіби дайындық пен жедел әрекет ету қабілетін көрсетіп келеді. Бұл медаль – әрбір сарбаздың батылдығы мен тәртібінің, сондай-ақ бейбітшілік жолындағы адалдығының айқын дәлелі», — деді бітімгерлер ротасының командирі, подполковник Жәнібек Нұрланов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Голан жоталарындағы алғашқы дербес бітімгершілік контингенті 2024 жылдың наурыз айында орналастырылған болатын. Бұл – еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырып, Қарулы күштеріміздің әлеуетін әлемге танытқан маңызды қадам болды.