Ауылдар картадан өшіп барады: былтыр 83 елді мекен есептен шығарылған
Солтүстік өңірлерде демографиялық құлдырау үдей түсті, соңғы 3 жылда 199 ауыл жабылған
Қазақстанда ауылдық елді мекендер саны қысқару қарқынын күшейді. 2025 жылдың өзінде 83 ауыл есептен шығарылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, ауылдар санының азаю үрдісі 25 жылдан астам уақыттан бері жалғасып келеді. Алайда соңғы 3 жылда қысқарту айтарлықтай жеделдеген. Мәселен, 2020-2022 жылдары 46 ауыл жабылса, 2023-2025 жылдары 199 елді мекен қысқартылған. Жалпы статистикаға сүйенсек, қолжетімді деректер кезеңінде ел 1,8 мың ауылдық елді мекеннен айырылған.
Ауылдарды қысқартудың басты себебі тұрғындар санының төмендігі. 2021 жылғы халық санағы деректеріне сәйкес, 2025 жылы есептен шығарылған 68 ауылда барлығы 1,5 мың адам тұрған. Орта есеппен әр ауылда 50 адамнан аз тұрғын болған.
Кейбір елді мекендерде халық мүлдем қалмаған. Мәселен, Павлодар облысындағы Малая Парамоновка ауылында бірде-бір тұрғын тіркелмеген. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы Мирное және Калиновка ауылдарында тиісінше 1 және 2 адам ғана қалған.
Ауылдар санының азаюына ең үлкен үлес қосқан өңірлер, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары. Қысқартылған барлық ауылдардың шамамен 80%-ы осы аймақтарға тиесілі.
Осы кезеңде 68 ауыл жабылса, тек 1 жаңа елді мекен, Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Нұрлы ауылы құрылған.
Заңнамаға сәйкес, егер ауыл халқы 3 жыл қатарынан 50 адамнан аспаса, ол есептен шығарылады. Мұндай елді мекендер ең жақын ірі ауылдың немесе аудан орталығының құрамына қосылады. Соңғы шешімді жергілікті билік тұрғындардың пікірін ескере отырып қабылдайды.
2025 жылы ауыл халқының өсімі тек Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстарында тіркелген. Қалған өңірлерде көші-қон үдерісі мен халықтың қалаларға шоғырлануы ауылдардың азаюына әкеліп отыр.
Мамандар бұл үрдісті ауылдық аумақтардағы демографиялық теңгерімсіздіктің ұзақ мерзімді салдары ретінде бағалайды. Шағын елді мекендерді сақтау, инфрақұрылымды жаңғырту және экономикалық белсенділікті арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданбаса, картадан өшетін ауылдар саны алдағы жылдары да артуы мүмкін.