Әпкесінің 160 млн теңгені құрайтын әшекейлерді ұрлап кеткен: әйел адам сотталып кетті
669 алтын-күміс бұйымды қолды қылған 37 жастағы сатушы 7 жылға сотталды
Павлодарда әпкесіне тиесілі зергерлік салоннан 160 млн теңгеден астам сомаға бағаланған әшекей бұйымдарды жымқырған әйелге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 37 жастағы зергерлік дүкен сатушысына қатысты қылмыстық іс қаралды. Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы жалпы құны 160 млн теңгеден асатын 669 алтын және күміс бұйымды бірнеше ай бойы дүкеннен жасырын алып шығып отырған.
Іс барысында анықталғандай, дүкендегі жетіспеушілік бірден байқалмаған. Кейін жүргізілген аудиторлық тексеріс нақты шығын көлемін растаған. Сот отырысында айыпталушы тек 92 бұйымды алғанын мойындағанымен, ұсынылған дәлелдер жиынтығы оның әлдеқайда көп көлемде мүлікті иемденгенін көрсеткен.
Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша, яғни сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету фактісімен кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен әйелге орташа қауіпсіздік мекемесінде 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, оған 5 жыл мерзімге материалдық жауапкершілік қарастырылған лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Айыпталушының кәмелетке толмаған баласының жасын ескере отырып, сот жазаны өтеуді 2 жылға шегерді. Осыған байланысты ол сот залынан босатылды.