Ақмолада «резеңке пәтерлер» әшкереленді: бір үйге ондаған адам тіркелген
Рейд барысында 32 азаматтың жалған тіркеуде тұрғаны анықталды
Ақмола облысында азаматтарды тұрғылықты мекенжай бойынша жаппай жалған тіркеу фактілері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірде 18 ақпан мен 21 ақпан аралығында өтіп жатқан «Резеңке пәтер» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ауқымды тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, іс-шараның негізгі мақсаты нақты тұрмайтын азаматтарды бір тұрғын үйге жаппай тіркеу деректерін анықтап, жолын кесу. Мұндай заңбұзушылықтар көбіне материалдық пайда табу мақсатында жасалады.
Тексеру шараларына 73 мобильді топ құрылып, олардың құрамына 300-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылған. Іс-шараның алғашқы күнінде 1994 азамат тіркелген 95 жылжымайтын мүлік нысанының 17 мекенжайы тексерілді.
Нәтижесінде тіркеуде тұрған 787 азаматтың шынымен көрсетілген мекенжайларда тұратыны расталса, 32 азаматтың іс жүзінде бұл үйлерде тұрмайтыны белгілі болды. Сонымен қатар тұрғын үй иелерінің өтініштері негізінде 22 азамат тіркеу есебінен шығарылды.
Осындай деректердің бірі Зеренді ауданы Чаглинка ауылында тіркелді. Тұрғын үй иесінің айтуынша, үйде нақты 9 адам ғана тұрады. Алайда аталған мекенжайда қосымша 16 азамат тіркелген, бірақ олар бұл жерде өмір сүрмейді. Үй иесі бұл азаматтардың уақытша тіркеуге қойылғанын, кейбірінің өздері тіркелгенін ұмытып кеткенін түсіндірген.
Аталған дерек бойынша тұрғын үй иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция қызметкерлері жалған тіркеу фактілерін анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда екенін, мұндай рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.