Түркістан облысында жүздеген стихиялық қоқыс орны анықталды
Прокуратура арнайы хабарлама жариялады
Түркістан облысының прокуратурасы өңір аумағында экологиялық заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жүргізіп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атап айтқанда, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ-ның геопорталының мүмкіндіктерін пайдалана отырып жүргізген мониторинг нәтижесінде 2025 жылы облыс аумағында рұқсат етілмеген қалдықтарды төгудің 247 фактісі анықталды.
Қазіргі таңда прокуратураның қадағалау актілері негізінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою, аумақтарды тазарту және оларды экологиялық заңнама талаптарына сәйкестендіру бойынша тиісті шаралар қабылданып, анықталған барлық заңбұзушылықтар толық жойылды.
«Түркістан облысының прокуратурасы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмысты одан әрі жалғастырады», – делінген прокуратура хабарламасында.