Таразда 13 жастағы қыз баланы екі ер адам көлігіне отырғызып, ұрлап әкетпек болды (ВИДЕО)
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды
Таразда 13 жастағы қыз баланы белгісіз екі ер адам көлігіне күштеп отырғызып, ұрлап кетпек болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның видеосы Instagram желісіндегі Тараз LIFE парақшасында жарияланды. Жазба авторының айтуынша, аялдамада тұрған қыз балаға екі ер адам жақындап, көлігіне отырғызып әкетпек болған. Осы сәтте аялдама маңында болған ер адам араласып, белгісіз тұлғалар оқиға орнынан кетіп қалған.
Оқиғаға Тараз қаласының полициясы пікір білдірді. Белгілі болғандай, полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында 13 жастағы қыз баланы ұрлауға әрекет жасады деген күдікпен екі адамды ұстады.
«Полицияға екі белгісіз адамның автокөлікпен аялдамада тұрған қызды алып кетпек болғаны туралы хабарлама түскен. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жетті.
Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта болған жайттың барлық мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Балалардың қауіпсіздігіне қатысты кез келген әрекеттер ерекше бақылауда болады және қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде тоқтатылады», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.