Семейде «жасырын қойма» ұйымдастырған 18 жастағы шетелдік ұсталды
Абай облысында есірткі сақтау және буып-түюмен айналысты деген күдікке ілінген азамат қамауға алынды
Абай облысында есірткі сақтау және оны таратуға дайындаумен айналысты деген күдікпен шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына Семей қаласы аумағында жүрген шетелдік азаматтың заңсыз айналымға қатысы болуы мүмкін екені туралы жедел ақпарат түскен. Жедел-іздестіру шаралары барысында ЕҚҚІБ қызметкерлері «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлерімен бірлесіп, 18 жастағы көршілес мемлекет азаматын күдікті ретінде ұстаған.
Жеке тінту кезінде одан қоңыр түсті сұйықтық құйылған, изолентамен оралған пластикалық ыдыстар, сондай-ақ Redmi маркалы ұялы телефон тәркіленген. Ұсталған жерді қарау барысында Honor телефоны да алынған.
Полиция дерегіне сәйкес, күдіктіден түрлі түсті сұйықтықтар құйылған 117 пластикалық ыдыс, ұнтақ тәрізді заттар, жасыл түсті өсімдік тектес заты бар 68 полимерлі орама, сары және қара изолентамен оралған қоңыр сұйықтық толтырылған 60 шприц, өзіне тән иісі бар қара түсті заты салынған 101 пакет табылған. Сонымен қатар изоленталар, кеңсе құралдары, шприц қаптамалары, неодим магниттері, аккумуляторлық батареялар, электрондық таразылар және «жасырын қойма» жасауға арналған өзге де заттар анықталған.
Тәркіленген заттардың барлығы есірткі, психотроптық заттар, олардың аналогтары мен прекурсорларының бар-жоғын анықтау үшін сот-сараптамалық зерттеуге жолданған.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, күдіктінің каннабиноидтарды қолданғаны анықталған. Алайда ұсталған сәтте масаң күйде болғаны тіркелмеген.
Тергеу барысында жас жігіт кінәсін толық мойындаған. Оның айтуынша, ол қазан айында Қазақстанға келіп, интернет арқылы есірткі сатумен айналысатын дүкенге курьер-қоймашы ретінде жұмысқа тұрған. Куратордың нұсқауымен жасырын жерден бір партияны алып, оны жеке орамдарға бөлген. Келесі күні Байжанов көшесі маңында бірнеше «жасырын қойма» қалдырғаннан кейін полиция қызметкерлері оны ұстаған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.