«Ғашықтар» күні келген гүл үрейге айналды: курьер пәтерде бойжеткенге тиіскен
Жәбірленуші полицияға жүгінетінін ескерткеннен кейін күдікті қорқыту сипатындағы хабарлама жолдаған
14 ақпанда гүл жеткізу қызметі арқылы келген курьердің әрекеті бойжеткен үшін жағымсыз жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Qumash телеграм арнасының ақпарынша, Қазір аталған дерек бойынша арыз қабылданып, күдікті іздестіріліп жатыр. Жәбірленушінің мәліметінше, курьер гүлді пәтерге қою сылтауымен ішке кірген. Алайда артынша әдеп шегінен асып, қыздың денесіне қол тигізіп, киімін шешпек болған. Бойжеткен қарсылық білдіріп, айқайлаған соң ғана ер адам үйден шығып кеткен.
Оқиғадан кейін жәбірленуші курьерге жазып, полицияға жүгінетінін хабарлаған. Оның айтуынша, бұдан соң күдікті тарапынан қорқыту сипатындағы жауап келген.
Құқық қорғау органдары бұл дерек бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Істің мән-жайы анықталған соң тиісті құқықтық баға беріледі.