Рыбакина тарихи межеге бір қадам қалды: спортшы әлемнің 2-ракеткасына айналуы мүмкін
Ига Швёнтектен небәрі 280 ұпай қалып тұр – WTA 1000 турнирі қазақстандық теннисші үшін шешуші кезең болмақ
Дубайда әйелдер арасындағы беделді WTA 1000 Dubai Tennis Championships турнирі басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлемнің таңдаулы теннисшілері жиналған жарыста Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар қазақстандық спортшыны басты фавориттердің қатарына енгізді. Бұл жолғы турнир тек жүлде үшін ғана емес, әлемдік рейтингтегі маңызды өзгеріс үшін де айрықша мәнге ие.
Қазіргі таңда WTA рейтингінде 1-орында тұрған Арина Соболенко Дубай турниріне қатыспайды. Оның көшбасшылығына әзірге қауіп төнбейді. Ал 2-орында тұрған Ига Швёнтек те бұл жарысқа қатыспайды. Жаңартылған рейтинг бойынша Швёнтек пен Рыбакина арасындағы айырмашылық небәрі 280 ұпайды құрайды.
Бұл қазақстандық теннисші үшін тарихи мүмкіндік. Егер Рыбакина Дубай корттарында сәтті өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізсе, бірнеше күн ішінде польшалық спортшыны басып озып, әлемдік рейтингтің 2-сатысына көтерілуі ықтимал. Бұл оның кәсіби мансабындағы ең жоғары көрсеткіш болмақ.
Рыбакина мықтылар тізімінде болғандықтан, алғашқы айналымды өткізеді. Ол жарысты екінші кезеңнен бастайды. Қарсыласы әлемдік рейтингте 94-орында тұрған аустралиялық Кимберли Биррелл.
Дубайдағы доданың әр кездесуі енді жай ғана матч емес. Бұл әлемдік теннис элитасындағы орнын қайта айқындайтын сын сәт.