$ 491.97  583.77  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Коалиция мүшелері Жамбыл облысының тұрғындарына Жаңа Конституцияның негізгі нормаларын түсіндірді

Кездесу барысында Коалиция мүшелері жобадағы негізгі новеллалар туралы баяндады

Коалиция мүшелері Жамбыл облысының тұрғындарына Жаңа Конституцияның негізгі нормаларын түсіндірді
Фото: Әли Ғалым

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық Коалициясы Жамбыл облысына келді. Өңірде Коалиция мүшелері жұртшылықпен, жастармен, еңбек ұжымдарымен және шағын бизнес өкілдерімен әңгімелесті. Кездесуге қатысушылар жаңа Конституция мемлекеттің ұзақ мерзімге негізделген ұлттық мүддесіне толық сай келетінін және оның дамуына қуатты серпін беретінін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жалпыұлттық Коалицияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде өткен жұртшылықпен кездесуге облыстың шамамен 500 тұрғыны – зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, медицина қызметкерлері, педагогтар және өзге де азаматтар қатысты.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне кіріскен сәтінен бастап жаңа Конституцияның негізі қалана бастағанын, ал құжаттың өзі ауқымды қоғамдық диалогтың нәтижесі екенін және азаматтардың әділдікке, заң үстемдігіне, сенімді болашаққа деген сұранысын айқын көрсететінін атап өтті.

«Референдум ұлтымыздың бірлігін, тұтастығын айшықтайды. Бұл Президенттің халқына арқа сүйейтінін, ал халық Президентке сенетінін көрсетеді. Ел дамуында референдум шешуші рөл атқарған мұндай мысалдар әлемде де жеткілікті. Мәселен, XIX ғасырдағы Швейцариядағы Конституция жөніндегі референдум, Франциядағы Бесінші республика құру бойынша өткен референдум дүние жүзі тарихында қалды. Алдағы біздің референдум да ел тарихында алтын әріппен жазылатын тарихи оқиғаға айналады деп санаймын. Сондықтан таңдау да, соңғы шешім де өздеріңізде», – деді ол.

Мәжіліс спикері облыс тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымын, Мемлекет басшысының реформалары мен саясатына жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасынан әрбір азамат өзін толғандырған сұрақтарға жауап таба алады. Оның негізінде «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат берік орнықты.

Кездесуге қатысушылар жобада әрбір қазақстандық азаматқа жақын Әділетті Қазақстан, Заң мен Тәртіп, Адал азамат, Таза Қазақстан сынды қастерлі құндылықтар бекітілгеніне назар аударды. Ал Президенттің іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан «халықпен бірге» қағидаты ел азаматтарының мемлекет болашағын айқындау ісіндегі өз рөлін терең сезінуіне мүмкіндік берді.

Кездесу барысында Коалиция мүшелері жобадағы негізгі новеллалар туралы баяндады. Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ адам құқығына кепілдік беру аясы кеңейгеніне және азаматтардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуына назар аударды. «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының Төрағасы Азат Перуашев кәсіпкерлік пен экономиканы дамыту үшін түсінікті әрі тұрақты ережелерді бекітудің маңызын атап өтті. Тарихшы әрі археолог Сауран Қалиев преамбулада Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы көрініс табуы мемлекеттің бірегейлігін айқындап, даму бағдарын белгілейтінін жеткізді. «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, құжатта отбасы институтының мәні мен маңызы, аға буынға құрмет, балаларға қамқорлық және тәрбие беру ісіндегі сабақтастық бекітілді. Бұл – қоғамның тұрақтылығы мен бірлігінің берік негізі.

Өз сөзінде Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әлемде күрделі геосаяси өзгерістер жүріп жатқанын, бұрынғы халықаралық тәртіп біртіндеп өз маңызын жоғалтып, мемлекеттер жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы тұста мемлекеттің ішкі тұрақтылығын алдын ала нығайтып, жүйелі реформалар арқылы орнықты дамуды қамтамасыз ету аса маңызды. Жаңа Конституция осындай кешенді жаңғыруды қамтамасыз етеді.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Жақсыбек Құлекеев жаңа Конституцияда алғаш рет адами капитал – білім, ғылым және инновация стратегиялық басымдық деңгейінде бекітілгенін, себебі дәл осы салалар заманауи экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті.

Тараз қаласында студент жастармен де кездесу өтті. Оған 500-ден астам адам – жастар ұйымдарының көшбасшылары, белсенділер және студенттік өзін-өзі басқару өкілдері қатысты. Қатысушылар жаңа Конституцияда адами капиталды дамыту және білім экономикасын қалыптастыру мәселесі басым бағыт ретінде айқындалғанын атап өтті. Құжат аясында жастарға берілетін жаңа мүмкіндіктер жан-жақты талқыланды. Олардың қатарында білім, ғылым және инновацияны жетілдіру, жас мамандарға қолдау көрсету және өзін жан-жақты дамытуға тең жағдай жасау мәселелері бар.

«Қазфосфат» ЖШС-ның өндіріс алаңында Коалиция мүшелері кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. 100-ден астам қызметкер қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайына қатысты тікелей мемлекеттік кепілдіктің Конституция деңгейінде бекітілуінің маңызын атап өтті. Зауыт жұмысшылары жаңа Конституция жобасын Еңбек адамының құқығын қорғауды күшейтуге және оның ел дамуындағы ерекше рөлін мойындауға бағытталған нақты қадам ретінде бағалайтындарын жеткізді.

Аса ауылында «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылармен – шағын және микробизнес өкілдерімен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен және ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Мәжіліс депутаты әрі жоба жетекшісі Дәулет Мұқаев бұл бастаманың жүйелі жүзеге асуы білім беру және қолдау көрсету қадамдары адамдардың өз өмірін өз бетінше өзгертуіне нақты мүмкіндік беретінін айқын көрсеткенін атап өтті. Әр азамат адал еңбек етіп, өз ісін дамытып, болашаққа сеніммен қарай алатын осындай мүмкіндіктер қоғамы енді Конституция деңгейінде бекітіліп отыр. Қатысушылар жаңа Негізгі заңның преамбуласында Әділетті Қазақстан идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидатының көрініс табуын толық қолдайтындарын жеткізді.

Осы күні Super-pharm фармацевтикалық зауытының ұжымымен кездесу өтті. Кәсіпорын қызметкерлері алдағы референдумда жаңа Конституцияны қолдауға дайын екендерін мәлімдеді. Олардың айтуынша, құжат жобасында жарияланған тең мүмкіндіктер мен адал бәсекелестік құндылықтары мемлекеттің экономикалық өсімін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың дамуы үшін аса маңызды.

Кездесулер қорытындысы бойынша Жамбыл облысының тұрғындары жаңа Негізгі заң жобасын қолдайтындарын білдіріп, оның қоғамды біріктіру және мемлекетті ұзақ мерзімді дамыту ісіндегі маңызын атап өтті. Барша қатысушы 15 наурызда референдумға келіп, жаңа Конституцияға дауыс беруге және Қуатты, Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құру ісіне өз үлестерін қосуға дайын екендерін жеткізді.

Еске сала кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық Коалициясы биыл 13 ақпанда құрылды. Оның құрамына 5 саяси партия мен шамамен 300 қоғамдық ұйым кірді. Олар 5 миллионға жуық қазақстандық азаматты біріктіруде.

 

Дайындаған: «AMANAT MEDIA GROUP» ЖШС

Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов

«AMANAT» партиясы» ҚБ қаражатынан төленді