$ 496  588.01  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Миланнан жолданған алғыс: Олимпиада чемпионы Шайдоров қазақстандықтарға алғыс айтты

Михаил Шайдоров тарихи жеңістен кейін қазақстандықтарға үн қатты 

Миланнан жолданған алғыс: Олимпиада чемпионы Шайдоров қазақстандықтарға алғыс айтты
Фото: ҰОК

2026 жылғы қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Миланнан арнайы бейнеүндеу жасап, өзіне қолдау білдірген барша қазақстандықтарға алғыс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған бейнежазбасында жарыс барысында және оған дейінгі дайындық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Михаил Шайдоров Мемлекет басшысының қолдауына, сондай-ақ Қазақстанның мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті Бауыржан Ералының кейінгі жылдары осы спорт түрін дамытуға қосқан үлесіне тоқталды. Сонымен қатар, жауапты әрі күрделі дайындық кезеңінде жанынан табылған бапкерлері мен мамандарға алғыс білдірді.

Олимпиада чемпионы жарыс күндері трибунадан және көгілдір экран арқылы қолдау көрсеткен жанкүйерлерге, сондай-ақ әлеуметтік желіде жылы лебіз білдірген азаматтарға ерекше ризашылығын атап өтті.

«Шын жүректен жарысқа дайындық барысында жауапты және ауыр кезеңде қасымда болған мамандар мен бапкерлерге ризашылығымыз шексіз. Менің жарысқа қатысуым барысында трибуна және көгілдір экран арқылы қолдау көрсеткен барша қазақстандықтар мен жанкүйерлерге ризашылығымды жеткізгім келеді. Сондай-ақ маған әлеуметтік желі арқылы қолдау білдірген азаматтар аз болған жоқ», – деді Михаил Шайдоров.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындары аясында ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстан мәнерлеп сырғанау тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі.