Тротуарда түнгі «жарыс»: Петропавлда 2 жүргізуші сот шешімімен жазаланды
Жаяу жүргіншілер көшесін көлікпен кесіп өткен жастарға 86 500 теңгеден айыппұл салынды
Петропавлда жаяу жүргіншілерге арналған көшеде көлікпен жарыс ұйымдастырған 2 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 20 қаңтар күні шамамен түнгі сағат 02:00-де болған. 20 жастағы екі жігіт Toyota Land Cruiser Prado және Audi автокөліктерімен Қазақстан Конституциясы көшесінде Алтынсарин көшесінен Амангелді көшесіне дейінгі аралықта тротуармен жүрген. Жастардың әрекеті әлеуметтік желіде тарап, қоғам талқысына түсті.
Петропавл қаласы патрульдік полиция батальоны жол қозғалысы ережелерін бұзған екі тұрғынды анықтап, оларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды.
Іс Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Құқық бұзушылардың әрекеті Кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық ретінде сараланды.
Сот қаулысымен әрқайсысына 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енген.