Заң шығару процесінде сапаны кәсіби деңгейдегі Құрылтай қамтамасыз етеді – Максим Рожин
Астанада «Референдум-2026» онлайн марафоны өтіп жатыр
Астанада «Референдум-2026» онлайн-марафоны басталды. Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған ақпараттық алаңда Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин Құрылтай заң шығарумен қатар Үкіметті бақылау мәселесін іске асырады айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрылтай депутаттарының саны емес, сапасы маңызды. 145 адам елдегі заң шығару, Үкіметті бақылау мәселесін іске асырады. Өйткені, Парламенттің, алдағы уақыттағы Құрылтайдың ықпалы күшейеді. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бар. Осы қалай іске асады? Қарапайым тілмен айтқанда, Президент стратегиялық бағытты айқындайды. Үкімет оны орындайды. Ал Құрылтай оны бақылап, соған сай елге қажетті заңдарды шығару жұмысымен айналысады. Бұл формулада адам саны емес, сапасы маңызды. Заң шығару процесінде сапаны кәсіби деңгейдегі Құрылтай қамтамасыз етеді. Кәсіби деңгейдегі Құрлытайда 145 депутаттың ғана емес, сол Құрылтай аппаратының да мықтылығы маңызды», – деді ол.
Сонымен қатар ол заңдарды не үшін жылдам қабылдау қажеттігін түсіндіруге тырысты.
«Заң елдің өміріне тікелей әсер етеді. Сондай-ақ ол – Үкімет пен жалпы атқарушы биліктің жұмыс істеуіне тікелей жол ашатын құжат. Бұл ретте Құрылтайдың заңдарды жылдам қабылдауының Үкіметке, елде қабылданатын стртатегиялық дүниелерге тікелей әсері бар. Сағат сайын өзгеріп жатқан әлемдегі дүниелерге еліміз төтеп беруі тиіс. Ал төтеп беретін ең бірінші орган заң шығаратын – Құрылтай. Жылдамдық осы үшін керек», – деді Максим Рожин.