Ақпараттық қауіпсіздік енді ҰҚК бақылауында: Президент комитеттің құзыретін кеңейтті
Президент Жарлығымен комитеттің мәртебесі мен құзыреті нақтыланды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жарлыққа сәйкес, ҰҚК туралы ереженің 1-бабы жаңартылып, комитеттің құқықтық мәртебесі нақтыланды. Енді ол тікелей Президентке бағынатын және есеп беретін арнайы мемлекеттік орган ретінде айқындалды. Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік органдарының біртұтас жүйесін басқару функциясы бекітілді.
ҰҚК бұрынғыдай барлау, контрбарлау және жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырады. Бұған қоса Мемлекеттік шекараны қорғау, үкіметтік байланысты қамтамасыз ету, шифрлау жұмыстарын жүргізу және мемлекеттік құпияларды қорғау міндеттері сақталады. Құжатта комитеттің мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті орган екені арнайы көрсетілген.
Жаңа өзгерістер аясында ҰҚК-ның ақпараттандыру саласындағы құзыреті кеңейтілді. Енді комитетке аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау өкілеттігі берілді. Бұл стратегиялық маңызы бар жүйелердің қорғалу деңгейін қадағалауды көздейді.
Сонымен қатар комитетке ақпараттық қауіпсіздік заңнамасын бұзу дерегі анықталған жағдайда нұсқама беру, оны міндетті түрде орындату, сондай-ақ арнайы техникалық құралдарды пайдалану бойынша берілген рұқсаттарды тексеру құқығы берілді.
Мұндай тексерулер біліктілік пен рұқсат талаптарының сақталуын бағалау мақсатында және Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, оның ішінде жоспардан тыс тәртіппен жүргізіледі.
Осылайша, жаңа Жарлық ҰҚК-ның ақпараттық кеңістіктегі бақылау тетіктерін күшейтіп, ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін тәуекелдердің алдын алуға бағытталған институционалдық өзгерістерді бекітті.
Құжат 9 ақпаннан бастап күшіне енді.