Түркістан облысында өңірлік коалиция құрылды
Түркістан өңірінде жаңа Конституцияны түсіндіру жұмысы жүйелі түрде басталды
Түркістан облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы құрылды. Бұл – конституциялық реформаларды қолдау және халыққа кеңінен түсіндіру бағытындағы жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік коалиция құрамына 5 саяси партияның облыстық филиалдары, беделді қоғам қайраткерлері, тәжірибелі заңгерлер, мәслихат депутаттары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, сарапшылар енді. Құрамға енген 457 адам барлық аудан қалаларда, халықтың барлық санатымен 1959 кездесу өткізіп, конституциялық реформалар аясындағы жаңа құқықтық нормаларды түсіндіретін болады.

Облыста 1 миллион 195 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Алдағы референдумды қолдау және үйлестіру мақсатында партия филиалдары жанынан 18 өңірлік коалиция құрылған. Құрамына «AMANAT», Ауыл, Ақ жол, Қазақстан Халықтық партиясы және Respublica партияларының өкілдері енді.
Жиынды ашқан «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі, өңірлік коалиция төрағасының орынбасары Алтынсары Үмбетәлиев Жалпыұлттық коалицияның құрылуы қоғамды ортақ мақсат жолында топтастырудың айқын көрінісі екенін жеткізді.

«Жаңа Конституция елдің тұрақты дамуына серпін беретін стратегиялық құжат. Онда азаматтардың құқықтарын қорғау, әділдік қағидаттарын орнықтыру және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру көзделген. Біздің міндет – осы өзгерістердің мәнін халыққа нақты әрі түсінікті жеткізу», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

«Елордада еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштері Жалпыұлттық коалиция аясында біріккені – қоғамның жаңа Конституцияға деген жауапкершілігін көрсетеді. Бұл құжат тек құқықтық реформа ғана емес, ол мемлекет дамуының жаңа сапалық кезеңіне өтуге бағытталған. Заң үстемдігі, әділдік және азаматтардың құқықтарын қорғау оның негізгі тіректері», – деп атап өтті «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, өңірлік коалиция төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция төрағасының орынбасары, Конституциялық реформа жөніндегі кеңес мүшесі Нұралы Әбіш жаңа Конституция жобасының ұсынылуы елдің саяси және құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындап бергенін, бұл тарихи шешім екені жеткізді.
«Алдағы негізгі жұмыс реформалардың мазмұнын халыққа жан-жақты түсіндіру. Әр азамат оның маңызын терең ұғынуы тиіс», – деп атап өтті.
Одан соң, штаб мүшелері Қазақстан Халықтық партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Искак Ахметов, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің профессоры Сабит Баймаханбетов бұл реформалар ұзақ жылдар бойы пісіп-жетілген қоғамдық сұраныстың нәтижесі, бәсекеге қабілетті, заманауи мемлекет құрудың негізі екеніне тоқталды.
Өңірлік коалицияның құрылуы конституциялық реформаларды кеңінен насихаттау мен түсіндірудің тиімді тетігі. Алдағы кезеңде коалиция мүшелері халықпен ашық диалог жүргізіп, жаңа құқықтық нормалардың мәні мен мазмұнын жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.