Астананың іргесінде ер адам қосалқы станцияға шығамын деп тоққа түсті
Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр
Ақмола облысының Астанамен шекаралас Жібек жолы кентінде ер адам комплектілі трансформаторлық қосалқы станцияға көтерілемін деп тоққа түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жалобы Астана» Telegram-арнасында оқиға орнынан ақпарат пен видео жарияланды. Оқиға 12 ақпан күні күндіз болған.
«Психикалық ауруға шалдыққан ер адам қосалқы станцияға шығып кетіп, электр тогынан зақым алды. Зардап шегуші ауыр жағдайда медициналық мекемеге жеткізіліп, жансақтау бөліміне орналастырылды. Оқиға салдарынан кенттің бір шағынауданында электрмен жабдықтау бұзылды», – делінген хабарламада.
Ақмола облысының полиция департаменті баспасөз қызметінде осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады.