Канада мектебіндегі атыс: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Марк Карниге көңіл айтты
Тамблер-Ридждегі қанды оқиғада 10 адам қаза тапты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Канада премьер-министрі Марк Карниге Тамблер-Ридж қаласындағы орта мектепте болған атысқа байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Канададағы Британдық Колумбия провинциясына қарасты Тамблер-Ридж қаласында болған қайғылы оқиға салдарынан жазықсыз адамдардың қаза табуына байланысты Канада үкіметінің басшысына қолдау білдірді. Мемлекет басшысы Канада халқының қайғысына ортақ екенін жеткізіп, қайтыс болған азаматтардың отбасыларын сабырға шақырды, сондай-ақ зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетулеріне тілектестігін білдірді.
11 ақпанда Тамблер-Ридж қаласындағы орта мектепте қарулы шабуыл жасалды. Оқиға салдарынан 10 адам қаза тапты.
Корольдік канадалық атты полицияның мәліметінше, 6 адамның денесі мектеп ғимаратынан табылған. Тағы 1 адам ауруханаға жеткізу кезінде көз жұмған. Бұдан бөлек, оқиғаға қатысы бар деп болжанған тұрғын үйден 2 адамның мәйіті анықталған. 10-қаза тапқан адам – қарулы шабуыл жасаған күдіктінің өзі. Алдын ала дерек бойынша, ол өзіне оқ атқан.