$ 494.28  587.06  6.4
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Экологиялық мәдениет және жауапкершілік: «AMANAT» партиясы елімізде «Таза бейсенбі» акциясын жүзеге асыруда

Екі жылға жуық уақытта 90 тонна қоқыс шығарылып, 5 мыңға жуық адам акцияға қатысты

Экологиялық мәдениет және жауапкершілік: «AMANAT» партиясы елімізде «Таза бейсенбі» акциясын жүзеге асыруда
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы шеңберінде ел өңірлерінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«AMANAT» партиясы бұл бастаманы «Таза бейсенбі» жобасы арқылы жүйелі түрде іске асырып келеді. Партия мәліметінше, Абай облысының Ақсуат ауылында акция Ырғызбай Досқанаұлы атындағы стадион маңындағы саябақта ұйымдастырылды. 100-ге жуық партия мүшесі арнайы техниканың көмегімен аумақты қардан тазалап, қоғамдық кеңістікті ретке келтірді. Аумақтық партия филиалының атқарушы хатшысы Тілеуқабыл Көнекбаевтің мәліметінше, мұндай шаралар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Шымкент қаласында тазалық жұмыстары Әл-Фараби ауданындағы Ордабасы алаңы маңындағы Қошқар-ата өзенінің жағалауында өтті. Іс-шараға қалалық және аудандық партия филиалдарының қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері мен коммуналдық қызмет өкілдері қатысты. Жаңбырлы ауа райына қарамастан, жаяу жүргіншілер жиі жүретін жолдар тазартылып, жағалау аумағы абаттандырылды. Ұйымдастырушылардың дерегіне сәйкес, жоба іске асқалы бері Шымкентте 100-ге жуық экологиялық іс-шара өткізіліп, шамамен 90 тонна қоқыс шығарылған. Акцияларға 5 мыңға жуық қала тұрғыны қатысқан.

Шығыс Қазақстан облысының Алмасай ауылында тұрғындар көшелер мен қоғамдық орындарды ретке келтіріп, тұрмыстық қалдықтарды жинады. Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Жамбыл ауылында Ж.Қуанышбаев көшесінің бойы қар мен қоқыстан тазартылып, жаяу жүргіншілер мен көліктер қозғалысына қолайлы жағдай жасалды. Іс-шараға «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері және «Жамбыл» бастауыш партия ұйымының мүшелері атсалысты.

Павлодар облысында «Жастар рухы» белсенділері «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жалғызілікті зейнеткерлерге көмек көрсетті. Олар аула қарын тазалап, үй шаруасына жәрдемдесті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастар арасында әлеуметтік жауапкершілік пен үлкенге құрмет құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.

Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Қараменді батыр ауылында мектеп ұжымы мен оқушылар қарт тұрғынның ауласын қардан тазалап берді. Ал Қызылорда облысының Жаңақорған кентіндегі «Көшпелі базар» аумағында жаяу жүргіншілер жүретін жолдар қардан тазартылды.

Экологиялық акциялар елді мекендерді абаттандырумен қатар, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі бастама ретінде жалғасады.