Боран салдарынан бірқатар республикалық жолдар жабылды
Алматы және Жетісу облыстарында қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді
Ауа райының күрт бұзылуына байланысты 12 ақпан сағат 20:00-ден бастап бірнеше республикалық маңызы бар автожол учаскесінде барлық көлік түрлерінің қозғалысы уақытша шектелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қолайсыз метеожағдайға байланысты шектеу алдымен Алматы облысындағы бағыттарды қамтыды. Атап айтқанда, «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» автожолының 25–124 шақырым аралығы, яғни ақы алу пунктінен Жетісу облысының шекарасына дейінгі бөлігі жабылды. Сондай-ақ «Алматы – Шелек – Қорғас» автожолының 25–243 шақырым аралығы, ақы алу пунктінен Тасқарасу бұрылысына дейінгі учаскеде қозғалыс тоқтатылды.
Жетісу облысында да осы бағыттағы шектеу жалғасады. «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» автожолының 124–168 шақырым аралығында, яғни Алматы облысының шекарасынан Сарыөзек ауылына дейінгі бөлікте көлік қозғалысына тыйым салынды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жол қозғалысын 13 ақпан сағат 07:00-де қайта ашу жоспарланып отыр.
Жол қызметтері жүргізушілерге алыс сапарға шықпас бұрын ауа райы болжамын және жолдардың жай-күйін нақтылап алуға кеңес береді. Қолайсыз жағдай сақталған жағдайда шектеу мерзімі ұзартылуы мүмкін.