Шымкентте бойжеткенді айуандықпен өлтіріп, денесін қоқысқа тастаған жасөспірім ісі: сот үкімі өзгерді
Апелляция соты жаза мерзімін 1 жылға ұзартып, өтемақы көлемін арттырды
Шымкентте 26 жастағы Диана Оңғарбаеваның өліміне қатысты сот үкімі өзгерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үй тазалауға барған Диананы азаптап өлтірген 16 жастағы қылмыскер бұған дейін 7 жыл 6 айға сотталған. Сот үкімімен келіспеген марқұмның жақындары апелляциялық шағым түсіріп, қылмыскерге қатаң жаза беруді талап еткен. Алайда, бауыр еті баласынан айырылып, жүрегі қан жылаған ананың әділдікке деген соңғы үміті ақталмай қалды.
Апелляциялық сатыда қайта қаралған іске сот бүгін үкім шығарды. Екі бүлдіршінді анасыз қалдырған қылмыскердің жазасы бар жоғы бір жылға ұзарды. Енді ол 8 жыл 6 ай түрмеге тоғытылмақ.
Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бәйдібек Дүйсебектің мәліметінше, моральдық зиян өтемақысы ұлғайтылды: Қарлығаш Оңғарбаева мен Айдана Оңғарбаеваға өндірілетін өтемақы 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін, Жаппаровтың пайдасына берілетін сома 6 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін арттырылды.
Айыптау актісінде прокурор сотталушының қылмыстан кейін мәйітті қорлағаны жөнінде де айып таққан. Алайда сот барысында бұл эпизод дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты алынып тасталды.
Еске салсақ, тамыз айында Шымкент қаласында қоқыс маңынан пакетке оралған әйелдің мәйіті табылған. Денені тазалық қызметкерлері 10 күннен кейін байқаған. Марқұмның артында 2 қызы мен жұбайы қалды. Күдікті ретінде 11-сынып оқушысы ұсталып, кейін сотталған еді.