$ 490.58  584.77  6.34
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда дәл қазіргі уақытта қанша ата-ана декреттік демалыста отырғаны белгілі болды

Биыл бала туғанда берілетін жәрдемақыны 28,5 мың адам алды

Қазақстанда дәл қазіргі уақытта қанша ата-ана декреттік демалыста отырғаны белгілі болды
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 2026 жылы мемлекеттік жәрдемақылармен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) босануға және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалпы сомасы 59,2 млрд теңгені құрайтын төлемдермен 164,1 мың адам қамтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ал бала туғанда берілетін жәрдемақыны 2026 жылғы  қаңтар айында республикалық бюджеттен 5,6 млрд теңге сомаға 28,5 мың адам алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.

«Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар. 2026 жылғы қаңтар айында 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақымен 4,2 млрд теңге сомасына 130,2 мың адам алды.

Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) байланысты белгіленеді. 2026 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10%-ға индекстелген», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 164 350 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 272 475 теңге.

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 24 912 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 29 454 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 33 952 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 38 493 теңге.

Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.

Аталған біржолғы төлемді 2026 жылдың қаңтар айында жалпы сомасы 16,8 млрд теңгеге 17,4 мың адам алды. Есепті кезеңде тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 160 626 теңгені құрады.

Сондай-ақ МӘСҚ-дан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.

2026 жылдың қаңтар айында бұл төлем 16,5 мың адамға тағайындалып, жалпы сомасы 32,6 млрд теңгеге жүзеге асырылды. Есепті кезеңде төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері – 78 294 теңге.