Қар, жаңбыр, көктайғақ: 12 ақпанда елдің 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды
Синоптиктер боран, тұман және секундына 25 метрге дейін жететін жел туралы ескертті
Қазақстанның 16 облысында 12 ақпанда ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, бірқатар өңірде қар аралас жаңбыр жауып, бұрқасын соғып, көктайғақ пен тұман күтіледі.
Жетісу облысының шығысы мен таулы аймақтарында қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Талдықорғанда тұман түсіп, жолдар көктайғақ болады.
Ұлытау облысының солтүстік, шығыс және орталық бөліктерінде тұман күтіледі.
Алматы облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, сондай-ақ таулы аумақтарында көктайғақ пен тұман болжанып отыр. Облыстың шығысында жел екпіні 15-20 м/с. Алматы мен Қонаевта да көктайғақ болуы ықтимал.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде аздаған қар жауып, жаяу бұрқасын соғады. Желдің екпіні кей жерлерде 25 м/с-қа дейін күшейеді. Петропавлда оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады.
Қарағанды облысының бірқатар аумағында тұман түседі. Түнде жел екпіні 15-20 м/с.
Шығыс Қазақстан облысында қар жауып, бұрқасын жүреді. Өскеменде түнгі ауа температурасы -15…-17°C дейін төмендейді.
Абай облысының оңтүстігінде қар жауып, бұрқасын күтіледі. Семейде түнде ауа температурасы -19…-21°C аяз болады.
Жамбыл облысында, әсіресе таулы аудандарда қалың қар түсіп, көктайғақ қалыптасады. Таразда қатты жауын-шашын, тұман және көктайғақ болжанып отыр.
Түркістан облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, көктайғақ пен бұрқасын болады. Шымкент пен Түркістан қалаларында да осындай жағдай сақталады.
Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында негізінен тұман күтіледі. Қызылорда облысының шығысында желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.
Маңғыстау облысында тұман мен көктайғақ болжанса, Ақтауда түнде және таңертең жолдар тайғақ болады.
Павлодар облысында түнде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақмола облысында аздаған қар жауып, жаяу бұрқасын соғады. Көкшетауда түнгі желдің екпіні 15 м/с шамасында болады.
Синоптиктер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге сақтық шараларын күшейтіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді. Ауа райының қолайсыздығы әсіресе түнгі және таңғы уақытта жол қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.