Бизнесмен Жұмабек Жанықұлов: Конституциялық реформа – елмен бірге қабылданатын стратегиялық шешім
Жанықұловтың айтуынша, изнеске тұрақтылық пен әділ ереже керек
Қазақстандық бизнесмен Жұмабек Жанқұлов Конституциялық реформаға қатысты пікір білдіріп, басты заңды жаңарту заман талабы екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық кәсіпкер бұл туралы әлеуметтік желіде жазып, конституциялық реформа жайлы пікір білдірді. Оның айтуынша, уақыт пен геосаяси жағдай өзгерген сайын елдің құқықтық негізі де соған сай бейімделуі тиіс. Қоғам дамып, сын-қатерлер күрделенген кезеңде Конституцияның мазмұны да жаңа талаптарға жауап беруі қажет.
Кәсіпкер реформаны онлайн форматта халықпен талқылап, соңғы шешімді референдум арқылы қабылдау – саяси жауапкершілікті азаматтармен бөлісудің көрінісі екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай қадам стратегиялық мәселелерді тар шеңберде емес, қоғаммен кеңесе отырып шешуге мүмкіндік береді.
Жанқұлов қазіргі күрделі геосаяси жағдайда маңызды шешімдерді көпшілікпен ақылдасып қабылдау әлсіздік емес, керісінше саяси кемелдік екенін жеткізді. Ол билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог мемлекеттің беріктігін арттыратынын айтты.
«Конституция заңгерлердің ғана тілімен жазылған құжат емес. Ол әр азамат оқып, түсінетін, бағыт алатын шамшырақ болуы керек. Халық түсінбеген заң жұмыс істемейді. Бизнеске не керек? Тұрақтылық. Ашық әрі түсінікті ереже. Әділ ойын алаңы. Сонда ғана инвестиция келеді, сонда ғана даму болады», – деп жазды бизнесмен.
Бизнес өкілінің пікірінше, кәсіпкерлік орта үшін ең маңыздысы – тұрақтылық, ашық әрі түсінікті ережелер және әділ бәсекелестік. Осындай жағдай қалыптасқанда ғана инвестиция тарту мен экономикалық даму мүмкін болады.
Жанқұлов референдумды жай дауыс беру рәсімі емес, елмен ашық сөйлесудің мүмкіндігі ретінде бағалады. Оның айтуынша, өңірлік және қалалық деңгейдегі маңызды шешімдер де халықпен кеңесе отырып қабылданса, олардың өміршеңдігі артады.
Кәсіпкер мықты мемлекет қоғаммен байланысын үзбейтінін, ал заң сенімге негізделгенде ғана толық күшіне енетінін атап өтті. Оның пікірінше, алдағы референдум елді бір мақсатқа жұмылдыратын маңызды кезең болмақ.