Шымкентте экс-сүйіктісін аңдып, өміріне қауіп төндірген ер адам ұсталды
Шымкентте сталкинг жасаған екі ер адам қолға түсті
Шымкент қаласында полиция қызметкерлері әйелдерге қатысты сталкинг бойынша екі жағдайды анықтап, жолын кесті. Екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен бұрыннан таныс болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алғашқы жағдайда полицияға қала тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, бұрынғы жігіті айырылысып кеткеннен кейін де мазасын алып, байланысын үзбеген. Ер адам түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарламалар жазып, тіпті жәбірленушінің үйі мен жұмыс орнына келіп жүрген. Әйел адам онымен барлық байланысын үзгеніне, әлеуметтік желілерде бұғаттағанына қарамастан, қудалау тоқтамаған. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Екінші оқиғада қудалау әрекеттері күш қолданумен ұласқан. Оқиғадан кейін жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған дерек бойынша сталкинг және дене жарақатын келтіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті де қамауға алынды.
Екі қылмыстық іс тәулік ішінде сотқа жолданды.