$ 494.63  583.22  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Волонтерлік қауымдастық жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеді

Жаңа Конституция жобасына алты айда 4 мың ұсыныс түскен

Волонтерлік қауымдастық жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеді
Фото: Ұлттық волонтерлік желі

Астана қаласында Ұлттық волонтерлік желі «Жаңа Конституция жобасын талқылау және қолдау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен волонтерлік ұйымдардың өкілдері, өңірлік волонтерлік фронт-офистер мен бастамашыл топтар, сондай-ақ серіктестер офлайн және онлайн форматта қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында волонтерлік сектордың жаңа Конституцияны практикалық іске асыруға қатысуы, үкіметтік емес ұйымдардың халықты ақпараттандырудағы рөлі, қоғамдық диалогты дамыту және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Құттықтау сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрағасы Вера Ким Конституция жобасын әзірлеуге азаматтық қоғамның қатысуының маңызын және Конституциялық комиссия жұмысының ашықтығын атап өтті.

«Конституция қоғаммен диалог негізінде қалыптасуда, жабық режимде емес. Жаңа Конституция жобасымен алты ай жұмыс істеу барысында азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялардан және сарапшылардан шамамен 4 мың ұсыныс түсті. Бұл қоғамның енді пассивті бақылаушы емес, саяси үдерістердің толыққанды қатысушысына айналып келе жатқанын білдіреді», – деді Вера Ким.

Оның айтуынша, жаңа конституциялық институт – Халық кеңесін енгізу қоғамдық қатысуды нығайтудағы маңызды қадам болмақ.

«Бұл – мемлекет пен қоғам стратегиялық даму бағыттарын бірлесіп талқылайтын модельге көшу. Қоғам тек талқылау құқығына ғана емес, заң шығару үдерісіне ресми түрде бастамалар енгізу мүмкіндігіне ие болады», – деп атап өтті ол.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев жаңа Конституцияның Қазақстан жастары үшін ерекше маңызын атап өтті.

«Қазақстан жастары үшін жаңа Конституцияны қабылдау – аса маңызды қадам. Өйткені оның маңызы бүгінгі және болашақ ұрпаққа тікелей бағытталған. Адамға бағдарлану – жастардың әділ әрі қолжетімді өсу және даму мүмкіндіктерін ашатын жаңа Негізгі заңның басты логикасы», – деді Тимур Жұмырбаев.

Ол сондай-ақ сындарлы патриотизм, адами капиталды дамыту, білім мен инновация қағидаттарын бекіту жастардың өз әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, ел дамуындағы рөлін күшейтетінін атап өтті.

Өз кезегінде «Медициналық жастар» РҚБ төрағасы, медицина саласының волонтері Абылайхан Әбдіраш Конституция жобасының әлеуметтік және медициналық аспектілеріне тоқталды.

«Ұсынылып отырған Конституция жобасы адам өмірі мен денсаулығын мемлекеттік саясаттың өзегіне қояды. Отбасыны, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ денсаулық сақтау құқығын бекіту денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен қоғамдық денсаулықты нығайтудың берік құқықтық негізін қалыптастырады», – деді Абылайхан Әбдіраш.

Оның айтуынша, медициналық жастар бұл жобаны адамға бағдарланған, әлеуметтік жауапты мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағалайды.

«Жобаның тиімділігі оның іс жүзінде қалай жүзеге асатынына тікелей байланысты. Біз бұл нормалар нақты бағдарламалармен, жеткілікті қаржыландырумен және жас мамандар үшін қолайлы еңбек жағдайларымен қамтамасыз етіледі деп үміттенеміз», – деп қосты ол.

Дөңгелек үстел ашық талқылау және еркін пікір алмасу форматында өтті. Қорытындысында Ұлттық волонтерлік желі жаңа Конституция жобасын қолдау жөнінде үндеу жариялады.

«Құрметті қазақстандықтар! Бүгін еліміз маңызды тарихи кезеңді бастан өткеруде – Қазақстанның алдағы ондаған жылдардағы дамуын айқындайтын жаңа Конституция жасалып жатыр. Волонтерлермен жұмыс барысында біз азаматтардың ел дамуына өз үлесін қосуға деген ынтасының артып келе жатқанын байқаймыз.

Біз, Қазақстанның волонтерлік қауымдастығының атынан, жаңа Конституцияны қолдаймыз. Азаматтық қоғамды дамытуға, волонтерлікті ілгерілетуге және азаматтардың ел өміріне қатысуына маңызды әсер ететін ережелерді атап өтеміз.

Біз жаңа Конституция жобасы азаматтар қоғамдық міндеттерді шешуге белсенді қатысатын жауапты қоғамды қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеміз, ал мемлекет бұл үшін қажетті жағдайларды жасайды.

Қазақстанның волонтерлік қауымдастығы атынан Ұлттық волонтерлік желі жаңа Конституцияны іске асыруға, әлеуметтік міндеттердің бір бөлігін шешуге сындарлы түрде қатысуға және мемлекет пен қоғаммен әріптестікте еліміздің игілігі үшін жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдейді. Әрбір қазақстандықты ел болашағын қалыптастырудағы өз рөлін түсінуге және жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырамыз», – делінген үндеу мәтінінде.