Алматыда 730 грамм салмақпен шала туған сәби аман қалды
27 аптада дүниеге келген қыз баланы дәрігерлер 56 күн бойы бақылап, салмағын 1 800 граммға жеткізді
Алматыдағы №2 қалалық перинаталдық орталықта жүктіліктің 27-аптасында салмағы небәрі 730 грамм болып туған шала сәби аман сақталып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, болашақ ана амниотикалық сұйықтықтың мерзімінен бұрын ағуына байланысты орталыққа шұғыл жеткізілген. Ультрадыбыстық зерттеу барысында іштегі нәрестенің өміріне қауіп төніп тұрғаны анықталып, дәрігерлер жедел түрде кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдаған.
Ота №2 қалалық перинаталдық орталық директоры Светлана Рахимова бастаған мамандар тобының қатысуымен жүргізілді. Нәтижесінде салмағы 730 грамм болатын қыз бала дүниеге келген.
Нәресте туған сәттен бастап жаңа туған балалардың жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде бақылауда болды. Дәрігерлер мен медбикелер 28 күн бойы тәулік бойы медициналық көмек көрсетіп, оның жағдайын тұрақтандырған.
Кейін сәби күтімнің екінші кезеңіне, жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды. Жалпы отбасы медициналық орталықта 56 күн болған. Осы уақыт ішінде баланың салмағы екі еседен астам артып, 1 800 граммға жеткен.
Дәрігерлердің жүйелі бақылауы мен кешенді күтім нәтижесінде шала туған нәрестенің өміріне төнген қауіп сейіліп, оның жағдайы тұрақты деп бағаланған.