Алматы Үндістандағы көрмеде үздік туристік бағыт деп танылды
Мумбайда OTM Mumbai 2026 өтіп жатыр
Алматы қаласы Азиядағы ең ірі туристік көрмелердің бірі – Мумбайда өткен OTM Mumbai 2026 шарасында халықаралық деңгейде жоғары баға алды. Қазақстандық мегаполис қалалық туризмді дамытуда көшбасшы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үндістанда өткен жиында әлемдік туристік индустрияның алпауыттары – туроператорлар, әуе компаниялары мен ірі қонақ үй желілері бас қосты. Алматы қаласының стенді өзіндік ерекшелігімен кәсіби қоғамдастықтың назарын бірден аударды.
Көрме қорытындысы бойынша Алматы «Қалалық туризмді үздік ілгерілеткені үшін» (Best Promotion of Urban Tourism) марапатын иеленді.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мегаполис экспозициясы ұлттық нақыш пен заманауи мультимедиялық шешімдерді шебер ұштастырған.
- Қазақтың дәстүрлі мәдениеті: Ұлттық ою-өрнектер мен стиль;
- Инновация: Қаланың туристік әлеуетін таныстыратын цифрлық шешімдер;
- Нәтиже: Халықаралық нарықтағы сұраныстың артуы.
«Бұл марапат – Алматыны халықаралық деңгейде ілгерілету стратегиясының жемісі. Шетелдік нарықтартың, әсіресе Үндістан тарапының бізге деген қызығушылығы тұрақты түрде артып келеді», — деп атап өтті әкімдік өкілдері.
Көрме аясында Алматы делегациясы 100-ден астам B2B форматындағы кездесу өткізді. Келіссөздер негізінен Үндістаннан келетін туристер ағынын көбейтуге, жаңа туристік өнімдер жасауға және серіктестік аясын кеңейтуге бағытталған.