Жұмысқа тұрғызамыз деп алдаған: Ұлытауда ірі алаяқтық әшкереленді
Күдіктілер 16 млн теңгеден астам шығын келтірген
Ұлытау облысында алаяқтар топ болып әрекет етіп, тұрғындарды жұмысқа орналастыру сылтауымен миллиондаған қаражатты иемденген. Қазіргі уақытта полиция 16 миллион теңгеден астам шығын келтірілген бірнеше қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алаяқтардың құрығына кімдер түсті?
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қаскөйлер «Қазақмыс» корпорациясына жұмысқа орналастырып береміз деп уәде беріп, азаматтардың сеніміне кірген. Олар «қызметі» үшін ақшаны алдын ала алып, кейін уәдесін орындамай, ізін суытып отырған.
Бүгінгі таңда осы деректер бойынша:
- 9 қылмыстық іс қозғалды;
- Оның ішінде 6 іс сотқа жолданды;
- Келтірілген жалпы шығын көлемі — 16 000 000 теңгеден асады.
Ұлытау облысының ПД өкілдері кез келген ірі кәсіпорынға немесе ұйымға жұмысқа тұрудың өз тәртібі бар екенін ескертеді.
«Жұмысқа орналасу тек кадр қызметтері арқылы, ресми түрде жүзеге асырылады. Ешқандай делдалға сенуге болмайды. Егер сіз алаяқтық дерегіне тап болсаңыз, дереу полицияға хабарласуыңыз қажет», — делінген ПД хабарламасында.