$ 494.63  583.22  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Боран мен көктайғақ: Қазақстанда бірнеше республикалық жол жабылды

Ауа райының күрт нашарлаына байланысты бірнеше өңірде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді

Боран мен көктайғақ: Қазақстанда бірнеше республикалық жол жабылды
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалыс уақытша шектелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

6 ақпан сағат 19:00-дегі жағдай бойынша кей бағыттарда жолаушылар тасымалдайтын рейстік автобустар мен жүк көліктерінің, ал бірқатар учаскеде көліктің барлық түрінің қозғалысына тыйым салынды.

Ақмола облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының 16–200 км аралығында қозғалыс тоқтатылды.

Павлодар облысында осы автожолдың 200–431 км аралығында қозғалыс шектелді.

Жамбыл облысында «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының Қордай асуындағы жаңа айналма жолдың 159–238 км аралығында көлік қозғалысы тоқтатылды. Аталған учаскені 7 ақпан сағат 08:00-де ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар бірқатар өңірде көліктің барлық түрінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.

Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен – Семей» автожолының 10–103 км аралығында қозғалыс тоқтатылды.

Абай облысында осы бағыттың 103–198 км аралығында көлік жүрмейді.

Павлодар облысында «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының 1135–1206 км аралығында қозғалыс уақытша шектелді.

Абай облысында «Семей – Қайнар» автожолының 8–284 км аралығында, сондай-ақ «Семей – РФ шекарасы» автожолының 2–113 км аралығында көлік қозғалысы тоқтатылды.

Қарағанды облысында «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» автожолының 17–60 км аралығында және «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті» автожолының 1064–1135 км аралығында қозғалысқа шектеу қойылды.

Мамандар жүргізушілерге алыс сапарды кейінге қалдырып, жолға шығар алдында ауа райы болжамын және жол жағдайын нақтылауға кеңес береді. Жолдардың ашылуы туралы қосымша ақпарат беріледі.