Қазақстанның кәсіподақтары жаңа Конституция жобасын қолдады
Федерация өкілдері реформаның әлеуметтік мемлекет қағидатын күшейтетініне сенім білдірді
Қазақстанда жаңа Конституция жобасын талқылау аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қазақстандықтарға арнайы Үндеу қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін Астанада өткен жиында федерация басшылығы мен салалық және өңірлік кәсіподақ жетекшілері Негізгі заңның жаңа жобасын жан-жақты қарады. Басқосуда конституциялық реформаның әлеуметтік бағытты күшейтуге, еңбек адамының мәртебесін арттыруға және азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуын кеңейтуге бағытталғаны айтылды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі Сатыбалды Дәулеталиннің мәліметінше, комиссия жұмысы барысында қоғамнан төрт мыңнан астам ұсыныс пен өтініш түскен. Бұл азаматтардың елдің болашағына әсер ететін негізгі құжатқа белсенді түрде араласуға дайын екенін көрсетеді.
Жиында жаңа Конституция жобасының басты басымдықтарының бірі еңбек ету құқығын кеңейтілген мазмұнда бекіту екені атап өтілді. Құжатта еңбек тек жұмыс орны ретінде емес, адамның лайықты өмір сүруінің негізі ретінде қарастырылады. Еңбек қауіпсіздігі, әділ жалақы, кемсітуден қорғалу және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі конституциялық деңгейде нақты айқындалмақ.
Сондай-ақ жоба аясында жаңа кеңесші орган – Халық кеңесін құру ұсынылып отыр. Бұл институт қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтіп, әлеуметтік топтардың, соның ішінде еңбек ұжымдарының, маңызды шешімдер қабылдау үдерісіне тікелей қатысуына мүмкіндік бермек.
Федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев мемлекетті басқару жүйесіне енгізілетін өзгерістер мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормалардың нақтыланғанына тоқталды. Ал салалық кәсіподақ басшылары жаңа жобада сот жүйесіндегі қорғау мен айыптаудың теңдігі, парламенттік реформалардың өзектілігі және құқықтық кепілдіктердің күшейтілгенін атап өтті.
Талқылау қорытындысында Ақтөбе облысы кәсіподақ орталығының ұсынысымен федерация атынан қазақстандықтарға Үндеу қабылдау жөнінде шешім қабылданды. Үндеуде жаңа Конституция жобасы әлеуметтік мемлекеттің негіздерін сақтай отырып, еңбек адамының абыройын көтеруге және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталғаны көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жаңа Конституцияны қолдау елдің тұрақты дамуына, қоғамдық келісімге және Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға ықпал етеді деп санайды. Осыған байланысты ұйым барлық азаматтарды жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды.