$ 494.63  583.22  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Үкіметтің есебінше әлеуметтік жұмыскерлердің жалақысы екі есеге өсті

Жаңа жүйеге әлеуметтік қызмет тарифіне еңбекақы мен өзге де негізгі шығындар енгізіліп жатыр

Үкіметтің есебінше әлеуметтік жұмыскерлердің жалақысы екі есеге өсті
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының әлеуметтік жұмыскерлердің мәртебесін арттыруға қатысты депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің мәліметінше, соңғы жылдары әлеуметтік қорғау саласында еңбек ететін мамандардың жалақысын көтеруге бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылып, нәтижесінде бірқатар қызметкердің табысы екі есеге дейін өскен.

Қазіргі таңда елімізде халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді 40 мыңнан астам маман көрсетіп отыр. Бұл қатарға әлеуметтік жұмыскерлермен бірге медицина және педагогикалық бағыттағы персонал да кіреді. Әлеуметтік жұмыскерлердің жалпы саны 12 598 адамды құрайды, олардың 1 259-ы үкіметтік емес секторда еңбек етеді.

Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар мен қазыналық кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы бекітілген төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Осы жүйе аясында Үкімет азаматтық қызметшілердің жалақысын бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен арттыру бағытын ұстанып келеді.

2021–2023 жылдары әлеуметтік қамтамасыз ету саласы жұмыскерлерінің еңбекақысы лауазымдық айлықақыға түзету коэффициентін енгізу арқылы біртіндеп көбейтілді. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап төмен жалақы алатын азаматтық қызметшілердің табысын 2022–2025 жылдар аралығында жыл сайын орта есеппен 20% арттыру басталды. Соның нәтижесінде төрт жыл ішінде олардың жалақысы екі есеге жетті.

Сонымен қатар әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыру моделіне көшу үстінде. Бұл тәсіл қызмет көрсететін ұйымдар желісін кеңейтіп, әлеуметтік көмекті шалғай ауылдық елді мекендерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Жаңа қаржыландыру тетігі аясында тарифтерді қалыптастыру кезінде еңбекақы мен үстемақылар, қосымша төлемдер, коммуналдық шығындар, ғимаратты жалға алу, жанар-жағармай және қызмет көрсету процестерін автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу шығындары толық қамтылған.